Қазақстандағы ақылы жолдардың тарифі мен одан түсетін қаражаттың жұмсалу бағыты туралы Үкімет кулуарында "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, Қазақстандағы ақылы жолдардың бағасы көрші елдермен салыстырғанда төмен деңгейде.
– Біздің жолдар Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен салыстырғанда ең арзан. Ақылы жолдардың арқасында соңғы үш жылда 1,8 мыңнан астам арнайы техника сатып алынды. Сол техникалар арқылы жолдарды күтіп-ұстап отырмыз. Бұл жұмыстар үшін бюджеттен қосымша қаржы сұрамаймыз, – деді Дархан Иманашев.
Басқарма төрағасының сөзінше, ақылы жолдардан түскен қаражат жол жамылғысын жаңартуға, жол таңбаларын салуға және малдың жолға шығуын болдырмайтын қоршаулар орнатуға жұмсалады.
Сондай-ақ бұл қаражат республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын сақтап, олардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.