Ақтөбедегі даулы іс: апелляциялық сот жылқышының жазасын жеңілдетті

Ақтөбедегі даулы іс: апелляциялық сот жылқышының жазасын жеңілдетті
Фото: politico.kz

Ақтөбе облыстық соты жылқышы болып жұмыс істеген азаматқа қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіппен қайта қарап, бірінші сатыдағы сот үкімін өзгертті. Соның нәтижесінде сотталған азамат сот залынан босатылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс материалдарына сәйкес, Мұғалжар ауданындағы шаруа қожалығында жылқышы болып жұмыс істеген С.-ға 2023–2024 жылдары өзіне сеніп тапсырылған 39 бас жылқыны сатып, қожалық иесіне 30 миллион теңге көлемінде шығын келтірді деген айып тағылған.

Осыған байланысты бірінші сатыдағы сот оны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2)-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырған. Сонымен қатар жәбірленушінің пайдасына 30 миллион теңге өндіріп беру туралы шешім шығарылған.

Алайда сотталушының қорғаушысы үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.

Істі қайта қараған Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы барлық дәлелдемені зерттеп, айыптың толық көлемде дәлелденбегенін анықтады.

"Сот алқасы бір бас жылқыны жымқыру фактісі дәлелденгенімен, қалған 39 бас жылқы бойынша мұндай жеткілікті дәлелдемелер ұсынылмаған деген қорытындыға келді", - деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

Осыған байланысты сотталушының әрекеті Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2)-тармағынан 189-баптың 1-бөлігіне қайта сараланды. Нәтижесінде 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды.

Сонымен қатар сот оған рақымшылық туралы заңды қолданды.

"Рақымшылық жасау туралы” Заң қолданылып, жаза мерзімі 3 айға дейін қысқартылды. Сотталған адамның қамауда болған уақыты жаза мерзіміне есептеліп, тағайындалған жаза толық өтелген деп танылды. Осыған байланысты ол сот залынан дереу босатылды", - делінген соттың хабарламасында.

Апелляциялық сот азаматтық талапты да қайта қарап, жәбірленушіге өндірілетін материалдық шығын көлемін 30 миллион теңгеден 600 мың теңгеге дейін азайтты.

"Жәбірленушінің пайдасына өндірілген материалдық залалдың мөлшері 30 млн теңгеден дәлелденген бір бас жылқының құнына сәйкес 600 мың теңгеге дейін азайтылды", - деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

Апелляциялық сот алқасының қаулысы заңды күшіне енді.