Ақтөбе облысында төрт адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты үш жылдан астам уақытқа созылған резонансты іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Time.kz мәліметінше, қайғылы оқиға 2023 жылғы 21 ақпан күні кешке Самара – Шымкент тас жолының 921-шақырымында, Әйтеке би ауданы аумағында болған.
“Тергеу мәліметінде жүк көлігінің жүргізушісі Рамазан Инфуров алда келе жатқан КамАЗ көлігін басып озуға әрекет жасағаны айтылады. Алайда маневр сәтсіз аяқталып, оның көлігі қарсы бағытта келе жатқан Mitsubishi Montero Sport автокөлігімен соқтығысқан”, - дейді басылым.
Жол апаты салдарынан жол талғамайтын көлікте отырған ерлі-зайыпты мен олардың үш кәмелетке толмаған баласы көз жұмды. Апаттан жүк көлігінің жүргізушісі Рамазан Инфуров пен Mitsubishi көлігін басқарған Савина Жақсылықова ғана аман қалған.
Алғашында тергеу органдары жол апатына Жақсылықованы кінәлі деп таныған. Алайда сот іс материалдарын жан-жақты зерттеп, жесір әйелдің кінәсін дәлелдейтін нақты айғақтар жоқ деген қорытындыға келген. Нәтижесінде ол ақталып шыққан.
Осыдан кейін айып Рамазан Инфуровқа тағылып, оның ісі алқабилердің қатысуымен қаралды. Сол кезде алқабилер жүргізушіні ақтап, оған заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны үшін өтемақы талап ету құқығын берген.
Дегенмен іс мұнымен аяқталған жоқ. Марқұмдардың жұбайы Савина Жақсылықова мен прокуратура апелляциялық шағым түсіріп, іс қайта қарауға жіберілді.
“Апелляциялық сот алқабилер құрамын қалыптастыру кезінде заң бұзушылықтарға жол берілгенін анықтаған. Атап айтқанда, алқабилердің бірі іріктеу барысында-ақ «сотталушының кінәлі не кінәсіз екеніне қарамастан, ақтау үшін дауыс беремін» деп мәлімдеген. Ал тағы бір алқаби екі баласы барын айтып, процеске қатысқысы келмейтінін жеткізген. Алайда бұл жайттар ескерілмеген”, - деді дереккөз.
Іс екінші рет те алқабилердің қатысуымен қаралды. Бұл жолы алқабилер Рамазан Инфуровтың жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда төрт адамның өліміне себеп болғанын дәлелденген деп таныды.
Сот үкімімен ол 5 жылға бас бостандығынан айырылып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Сотталған азамат үкім жарияланғаннан кейін бірден сот залында қамауға алынды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ. Сотталған азамат пен оның қорғаушыларының шешімге шағымдануға мүмкіндігі бар.