Ақтөбеде өзін Антикор қызметкерімін деп таныстырған адам ұсталды

Сағыныш Сардарова 16 мам. 2025 19:00 522

Ақтөбеде өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкері ретінде таныстырған бопсалаушы ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері мен Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі үйлестірілген іс-қимыл нәтижесінде бопсалаушы ер адамды ұстады.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Ақтөбе қаласының кәсіпкерлерінен ақша бопсалап жүрген белгісіз адам туралы ақпарат алынған. Тексеру барысында күдіктінің жеке кәсіпкерлерге қоңырау шалып, өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкері ретінде таныстырғаны, ойдан шығарылған айыптаулар арқылы қылмыстық іс қозғаймын деп қорқытқаны анықталды.

Ол жәбірленушілерге қатысты құпия ақпаратты пайдаланып, қысымды күшейткен.

Ол қаладағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің кадр бөлімінің бастығынан 5 миллион теңге талап еткен. Ұсталған кезде оның басқаруындағы көліктен 4 миллион теңге табылып, тәркіленді.

Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің "Бопсалау" бабы бойынша соталды тергеу басталды.

Айта кетейік, бұл баптың санкциясы бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар