Ақтөбеде мешіт қызметкері 15 жастағы баланы ұрып тастаған

Ақтөбеде мешіт қызметкері 15 жастағы баланы ұрып тастаған
жи: dalanews

Ақтөбедегі «Нұр Ғасыр» орталық мешітінде болған жанжалға байланысты сотта іс қаралып жатыр. Айыпталушы – мешіттің 38 жастағы қызметкері Бауыржан Оралов. Тергеу мәліметінше, ол екі жасөспірімге күш қолданған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс материалдарына сәйкес, 15 жастағы жасөспірімдер мешітке тарауық намазына келген. Намаз аяқталғаннан кейін олардың бірі аяқ киімдердің арасынан тұрған кроссовканы байқап, досына көрсетіп, кейін қайта орнына қойған. Мұны көрген мешіт қызметкері балаларды ұрлық жасамақ болды деп күдіктенген.

Осыдан кейін қызметкер жасөспірімді жерге құлатып, оның басынан бірнеше рет тепкен. Оқиға мешіттің бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Салдарынан жасөспірім есінен танып қалған. Дәрігерлер оған орташа дәрежедегі ми шайқалуы мен бас миының жарақаты диагнозын қойған. Бала 20 күннен астам уақыт ауруханада ем алып, кейін бірнеше ай бойы оңалтудан өткен.

Оқиғадан кейін екі тарап та бір-біріне қатысты полицияға арыз жазған. Тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданған.