Ақтөбеде мас күйінде көлік жүргізді деп айыпталған судьяның ұлы ақталып шыққан

Көркем Алдабергенова 05 мам. 2025 13:27 233

Ақтөбеде облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасының төрайымы Разия Ахметованың ұлы Бегарыс Махұтов мас күйінде көлік жүргізді деген айыптан толық ақталды. Оны былтыр қазан айында полиция қызметкерлері тоқтатып, әкімшілік хаттама толтырған еді, деп хабарлайды Dalanews.kz Ratel.kz-ке сілтеп.

Оқиға 2023 жылғы 1 қазанда таңғы 5 шамасында болды. Патрульдік полиция инспекторы Kia Sportage көлігін тоқтатып, жүргізуші — Бегарыс Махұтовқа ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі («Мас күйінде көлік құралын басқару») бойынша әкімшілік хаттама толтырған.

Махұтов сотта өзін кінәсіз деп танып, алкогольді екі күн бұрын, яғни 30 қыркүйекте ішкенін айтқан. Оның айтуынша, инспектор Какенов одан алкоголь иісін сезіп, медициналық куәландырудан өтуді талап еткен.

Медициналық куәландыруды жүргізген дәрігер М.К. Искакова оның тынысынан алкоголь иісін тіркеп, Alkotest 6820 құрылғысымен өлшеу кезінде алдымен 1,43, кейін 1,60 промилле көрсеткішін алған. Сонымен қатар, жедел мульти-тест арқылы жасалған биологиялық зерттеуде алкоголь метаболиттері анықталған. Дәрігер қорытындысында: «жеңіл дәрежелі мас күйі» деп көрсетілген.

Бегарыс Махұтов бұл қорытындымен танысудан бас тартып, құжаттарға қол қоюдан да үзілді-кесілді бас тартқан.

Кейін Махұтов басқа дәрігер — А.Д. Досымованың қабылдауында қайта куәландырудан өтті. Бұл жолы Alkotest құрылғысы 0,67 промилле көрсетті, ал жедел тестілерден алкоголь метаболиттері табылмады. Досымова: «Алкоголь қолдану белгілері бар, алайда мас күйі анықталмады» деген қорытынды шығарды.

Осы екі қарама-қайшы қорытындыны саралаған мамандандырылған әкімшілік соттың судьясы Мира Купенова Махұтовтың пайдасына шешім шығарды.

«Сот отырысында анықталғандай, Искакова М.К. берген қорытынды заңсыз болып табылады, себебі клиникалық деректер куәландыру нәтижелеріне сәйкес келмейді. Осыған байланысты Махұтовтың мас күйінде болғанына күмән туады», – делінген сот қаулысында.

Судья істі әкімшілік құқықбұзушылық құрамы жоқтығына байланысты тоқтату туралы шешім қабылдады. Алғашында кінәлі деген ұстанымда болған прокуратура бұл шешімге шағым түсірген жоқ.

Осы сотта осыған ұқсас іс қаралды: биыл сәуір айында Hyundai көлігін мас күйде жүргізді деген айыппен Ақтөбе тұрғыны ұсталды. Полицей оны да алкоголь иісіне бола тоқтатқан. Дәрігер В.Н. Ращупукин оның жағдайын «жеңіл дәрежелі мас күйі» деп бағалады. Алайда жүргізуші бұл қорытындымен келіспей, қайта куәландырудан өтті. Екінші тексеріс мас күйін растамады.

Азамат екі қорытындыны жеке сот-медициналық сарапшы Абылқасым Тлемисовке (ИП «Med Expert») жолдаған. Сарапшының қорытындысы бойынша, жүргізушіде мас күйі болмаған.

Соған қарамастан, судья Алия Бисеналина алғашқы тексерістің нәтижесін ғана негізге алып, азаматты 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырды. Екі түрлі қорытынды мен сарапшының пікірінің шешімге еш әсері болмады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар