Ақтөбеде 100 млрд теңгелік жобаға әкімдік кедергі келтірген

Ақтөбеде 100 млрд теңгелік жобаға әкімдік кедергі келтірген
pixabay.com

Ақтөбеде прокуратура инвестордың құқығын қорғап, ірі жобаны іске асыруға жол ашты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қала прокуратурасы электр станциясын салу бойынша стратегиялық маңызды жобаны жүзеге асырып жатқан «Energy Flow Generation» ЖШС-нің құқықтарын қалпына келтірді.

Жобаның жалпы құны 100 млрд теңгені құрайды. Ол бастапқы кезеңде 100-ден астам жұмыс орнын ашуға және өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.

Мәселе инвестор өкілдері Ақтөбе қаласының прокуроры Бақытжан Ешмағанбетовтің жеке қабылдауында көтерілген.

Тексеру барысында әкімдік 35 гектар жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге заңсыз түрде бас тартқаны анықталған. Бұл шешім қаланың Бас жоспарына сәйкес келмейді деген уәжбен түсіндірілген.

Алайда жан-жақты зерделеу нәтижесінде аталған жер учаскесінің негізгі бөлігі өндірістік аймақта орналасқаны белгілі болған.

Прокурорлық қадағалау актісі негізінде әкімдіктің заңсыз шешімі жойылып, әкімшілік кедергі алынып тасталды.

Кәсіпкерлік қызметке заңсыз кедергі келтірген лауазымды тұлға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 173-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.

Қазіргі уақытта инвестициялық жобаны іске асыру жалғасып жатыр.