Ақтөбе облысының Шалқар қаласында жаппай төбелес кезінде 17 жастағы оқушының қаза болуына қатысты сот отырысы басталды. Жасөспірімді өлтірді деген айып 18 жастағы студентке тағылып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Stan.kz мәліметінше, оқиға 19 наурызда болған. Сол күні айыпталушы анасының көлігін рұқсатсыз алып, "Маяк" тобының мүшелерімен бірге қаланың екінші шетіне барған. Оның жүргізуші куәлігі болмаған. Сондай-ақ өзімен бірге аңшылық пышақ алып жүрген.
Жастар арасында болған жаппай төбелес кезінде 17 жастағы оқушы жүрек тұсынан пышақ жарақатын алып, көз жұмған. Тергеу нұсқасы бойынша, айыпталушы қару қолданылуы мүмкін екенін алдын ала білген.
Алайда сотталушы адам өлтіру бойынша тағылған айыпты мойындамады. Оның сөзінше, пышақты өзін қорғау үшін алып шыққан. Бір топ жас өзіне қарай жүгірген кезде өміріне қауіп төнді деп қорқып, қолындағы пышақты сермегенін айтқан.
Сот отырысында айыпталушы марқұмның отбасынан кешірім сұрап, оны өлтіру ойы болмағанын мәлімдеді. Оқиғадан кейін ол төбелес болған жерден қашып, техникалық қызмет көрсету станциясының ғимаратына жасырынған.
Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр. Қаза тапқан оқушының туыстары айыпталушыға қатаң жаза тағайындауды талап етуде.