Ақтөбе облысында бір тәулік ішінде көпқабатты үйлердің терезесінен екі кішкентай бала құлап кетті, деп хабарлайды Dala News.
Полицияның мәліметінше, екі жағдайда да балалар бірнеше минутқа қараусыз қалған. Олар масаға қарсы торға сүйеніп, төменге құлаған.
«Екі жағдайда да балалар бірнеше минутқа ғана қараусыз қалған, масаға қарсы торға сүйеніп, құлап кеткен. Бақытымызға орай, ауыр зардаптар болған жоқ. Естеріңізде болсын: ашық терезе – бала үшін өлім қаупі. Масаға қарсы тор құлаудан қорғамайды. Бір сәттік бейқамдық қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін», – деді Ақтөбе облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Руслан Наурызбаев.
Белгілі болғандай, алты жастағы бала Есет батыр шағын ауданында екінші қабаттан құлаған. Ал Қандыағаш қаласында төрт жастағы бала үшінші қабаттан құлап кеткен.
Ведомство дерегінше, бұл – өңірде жыл басынан бері тіркелген үшінші осындай жағдай.
Полиция ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және терезе қауіпсіздігіне ерекше мән беруге шақырды.
