Ақтаулық прокурор Ерболат Абдиров қамауға алынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Ақ Жайық” басылымының жазуынша, Абдировтың ұсталуына масаң күйде жанжал шығаруы себеп болған.
“Ақтау қаласының прокуроры, аға әділет кеңесшісі Ерболат Абдировты Алматы әуежайында ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері ұстады. Оқиға оның демалыс кезінде Астанадан келген рейстен кейін орын алған”, – делінген хабарламада.
Берілген мәліметке сәйкес, Абдировқа қатысты ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі (алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) және 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық: қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, азаматтарға тіл тигізіп тиісу және қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттер) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған.