Қазақстанның Көлік министрлігі Ақтаудағы ұшақ апатын тергеуге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Чикаго конвенциясының 13-қосымшасына сәйкес, апат орын алған ел ұшақтың қара жәшігін зерттеп, деректерін оқуды қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен бірге бұл деректерді қай елде талдайтынын да өзі шешеді.
Қазақстан бұл конвенцияға 1992 жылы қосылып, Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) толыққанды мүшесі атанған. Осы талаптарға сүйене отырып, сондай-ақ Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық органдарымен ақылдасқан соң, ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын комиссия Embraer ұшағының қара жәшігін Бразилиядағы CENIPA орталығына жіберу туралы шешім қабылдады.
CENIPA – авиациялық оқиғаларды зерттеуге арналған халықаралық деңгейдегі мамандандырылған орталық. Онда деректерді оқуға қажетті құрал-жабдықтар мен сертификатталған зертхана бар.
Министрліктің айтуынша, бұл мәселе Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.
Айта кетейік, бұған дейін Көлік вице-министрі Талғат Ластаев апатқа ұшыраған ұшақтан табылған қара жәшіктің қашан ашылатыны жайлы мәлімдеме жасаған еді.
Ластаевтың айтуынша, оны ашудың нақты қадамы бар.
"Ең алдымен, әуе апатын зерттеу бойынша арнайы комиссия құрылады. Сол комиссия оқиғаның мән-жайын зерттеп, барлық ақпаратты талдай отырып, қара жәшікті ашу бойынша шешім қабылдайды. Қазіргі уақытта бұл процесс жүріп жатыр – ұшақтың фрагменттері мен бөлшектері жиналуда. Ертең оқиға орнына сарапшылар барады. Ұшақтың шыққан елі – Бразилия,” – деп атап өтті Талғат Ластаев.
Оның сөзінше, Қазақстанға әуе тасымалдаушы компанияның өкілдері де келмек. Барлық тарап жиналғаннан кейін, қара жәшіктің қашан ашылатыны белгілі болады.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында ұшақ құлады. Осыған байланысты ТЖМ түсініктеме берді.
"Ақтауда ұшақ құлаған орынға Қазақстан ТЖМ жеке құрамынан 52 адам және 11 бірлік техникасы барды. Оқиға орнына келген бойда әуе кемесі жанып жатты. Құтқару бөлімшелері өртті сөндіруге кірісті", - деді олар.