Ақтауда жаңадан келген сарбаздарды басынан дубинкамен ұрып, тісін қағып алған командир жұмыстан қуылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді. Министрлік мәліметінше, оқиға былтыр тамыз айында Ақтау гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде болған. Взвод командирінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге қатысты билікті асыра пайдаланған.
Бұл дерек бойынша тергеу іс-шаралары жүргізіліп, Ақтөбе гарнизоны әскери сотының шешімімен тараптардың татуласуына байланысты іс тоқтатылған.
Қазақстан Республикасы "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңының 26-бабы 2-тармағына сәйкес сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін әскери қызметші теріс себептермен ҚР Қарулы күштерінің қатарынан босатылады.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу, әскери ортадағы жарғыға жат қатынастарды анықтап, олардың жолын кесу мәселелері Қарулы күштер басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтеміз. Олардың көріністерінің барлық нысандары бойынша құқықтық және тәртіптік шаралар қолданылады.
Қарулы күштерде мұндай құқық бұзушылық фактілері бірен-сараң ғана екенін айта кету керек. Бұл тұрғыда бірде-бір жағдай назардан тыс қалмайды. Тергеу іс-шаралары барысында қылмыстық қудалау органдарына толық көмек көрсетіледі.
Бұған дейін ақтаулық командир жаңадан келген сарбаздардың басынан дубинкамен ұрып, тісін қағып алғанын хабарлаған болатынбыз.
Ақтауда командир жаңадан келген сарбаздың басынан отырғышпен ұрған. Сондай-ақ ол әскерге шақырылғандардың басынан таяқпен ұрған. Зардап шеккен әскерилер командирін кешіріп, оған қатысты қылмыстық іс сотта тоқтатылған.
"Мысалы ол жаңадан келгендерді жинап, біреуінің басынан ағаш дубинкамен ұрған. Жас сарбаз командирдің тегін дұрыс айтпағаны үшін бірнеше соққы жеген. Басқа да сарбаздарды дубинкамен ұрған", - делінген материалда.
Тағы бір оқиғада әскери қызметкер сапқа кешігіп келген сарбаздың бетінен жұдырықпен ұрып жіберген. Артынша оны да басынан отырғышпен ұрып жіберген. Бірнеше соққы жеген сарбаз басынан ұстап отырып қалған, алайда командир мұнымен тоқтамай, ұруын жалғастырған. Тағы бір сарбаздың тісін қағып алған.
"Ең қызығы мынада. Тергеу барысында бес сарбаз жәбірленуші деп танылған. Бірақ олар командирге кешірім беріп, екі жақ татуласқаны туралы арыз жазған. Айыпталушының өзі кінәсін мойындап, жәбірленуші тараппен татуласқанын айтқан", - деп жазылған материалда.
Нәтижесінде Ақтөбе гарнизоны Әскери соты тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық істі тоқтатқан.