Бизнеске жасалған «геноцид»
Бүгінде қай жерде де самсаның төресі 150 теңге емес пе? Әуежайдағы 500 теңгелік самсаға қара уылдырық қосып пісірді ме екен, кім білсін?
Ал самсасы үшін 1,5 млн теңге айыппұл салып, онысы аздай әуежайдың самса сатып тапқан 15,6 млн теңгесін түгелдей тәркілеген қадағалаушылардың ісін кәсіпкерлікке жасалған «геноцид» деп бағаладым.
Мұндай жағдайда елімізде кәсіпкерлік қалай дамиды? Мемлекеттік органның бұл әрекеті бизнестің түбіріне балта шабу ғой.
Қазір ақшасы көп халық жүретін әуежайда, ірі сауда орындарында бетімен кеткен бағаларды жиі көреміз. Тіпті, оған етіміз үйреніп кеткелі де қашан.
Бізде элитаның басты ерекшелігі сондай қымбат орындарға барып сауда жасаумен айқындалады емес пе? Ал басқа елдерде кімнің элита, болмаса қарапайым адам екені интеллектуалдық өресі, ұлтжандылық қасиетімен өлшенеді. Ал бізде кім көп ақша жұмсаса, соны Құдайдай көріп, сүт бетіндегі қаймақ деп есептейміз.
Неге Президентті жүре тыңдайды?
Жарайды, енді негізгі әңгімемізге қайта оралсақ. Президенттің «бизнеске қысымшылық жасамаңдар» деген сөзін қазір бақылаушы органдар жүре тыңдайтын болды.
Өткен жылы Астанада бір кәсіпкерлік нысан қалалық сумен қамту мекемесіне ескертпей, қосымша кран орнатқаны үшін монополист мекеме ұмытпасам, 20 млн теңгенің үстінде айыппұл салғанын ақпарат құралдары жарыса жазған болатын.
Әлгі кәсіпкерлік нысан ай сайын суға 200 мың теңге шамасында ақы төлейді екен. Ақылға салып қарасақ, мұндай жағдайда кәсіпкерлік нысанға 1 млн теңгеден асырып айыппұл салуға болмайды.
Енді міне, соған ұқсас жағдай Ақтауда қайталанып отыр. Мұндай жағдай шағын және орта бизнес өсірмейді, керісінше өшіреді.
Бір самса үшін 1,5 млн теңге айыппұл салу бұл мемлекетімізге жасалған қастандық емес пе? 4-5 адамға жұмыс беріп, мемлекет қазынасына миллиондап салық төлеп отырған кәсіпкерлік нысанды бейнелеп айтсақ, бақылаушы орган өз қолымен буындырып өлтірді деуге болады.
Осыдан біршама уақыт бұрын энергетика саласында монополистердің халықтың қалтасын қалай қағып келгенін Президент Қауіпсіздік кеңесінде сынға алған соң, бағалардың буыны босап, біраз дөкей сөгіс естісе, бірен-сараны жұмыстан қуылып, үстілерінен қылмыстық іс қозғалды.
Өкінішке орай, сол оқиғадан Бауыржан Есенов бастаған Маңғыстау облысының табиғи монополияларды реттеу департаменті қызметкерлері мүлде сабақ алмапты.
Біздіңше, бақылаушы орган бір самсаны 500 теңгеден сатқан кәсіпкерлерге ескерту жасап, бағасын түсіру туралы нақты талап қойса жетер еді. Ал қадағалаушы органның қызметкерлері Сталиннің кезіндегідей асыра сілтеп жібергенін кім де болса байқары анық.
Бәрі айыппұл салуға құмар
Кезінде Қорғас кеден бекетіне жұмыс сапарымен барып, сол кезеңде кеден бекетін басқарған Ерлан Ноғаев деген азаматқа жолықтым. «Қытайдан тауар тасыған саудагерлерден мемлекет қазынасына қанша кедендік баж салығын түсірдіңіздер» деп сұрағанымда әлгі азамат:
– Кеденшілердің қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқаны қанша кедендік баж салығын түсіргенімен есептелмейді. Біздің басты міндетіміз кедендік бақылау ісін мінсіз атқару болып саналады, – деп айтқаны есімді қалып еді.
Өкінішке орай, қазір қадағалаушы органдар өздерінің тиімді жұмыс істеп жатқанын халыққа айыппұл салуымен өлшейтін болды.
Бақылаушы органдарды айтпаған күннің өзінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өзі абайсызда тәртіп бұзған қара халыққа ескерту жасамастан, айыппұл арқалатып жіберуге әдеттенді.
Егер жағдай бұлай кете беретін болса, айыппұл салуға дайын тұратын барлық мемлекеттік органдардың басын қосып, Мемлекеттік кірістер комитетінің құрамына өткізіп беру керек қой. Мемлекеттің қазынасына кіретін кірістерді көбейтсін.
Өз басым табиғи монополияларды реттеу органдарының ісіне таңғалдым. Бізде әуежай, қонақүй, ірі сауда орындары мен мейрамханалардағы бағалардың қымбат екенін олар енді біліп отыр ма, сонда?
Бағаның осылай бет қаратпай тұрғанына жиырма жылдан асты емес пе? Сонда Ақтаудағы монополистерді ауыздықтайтын мекеменің қызметкері 20 жылдан бері әуежайға бас сұқпаған болды ғой. Олар бағаны реттесе баяғыдан бері қайда жүрген? Бізге осы жағы түсініксіз болып тұр.
Егер қадағалаушы органдар кәсіпкерлерге осылай тіс батыруын қоймаса, мұндай оқиғалар мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігіне үлкен нұқсан келтірері сөзсіз.
Нұрлан ЖҰМАХАН, журналист, блогер.