Ақтаудағы мемлекеттік стоматологияда ем алған 9 жастағы баланың төменгі жақ сүйегінің басым бөлігі зақымданған. Аталған оқиғадан кейін екі дәрігерге қатаң сөгіс жарияланды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Halyqstan мәліметінше, оқиға биыл ақпан айында болған. Баланың анасы Ақмарал Қалжанова ұлы Нұрәділді стоматологқа тексеруге алып барған. Оның айтуынша, баланың тісі ауырмаған, ешқандай шағымы болмаған.
Соған қарамастан дәрігерлер баланың тістерін емдеуге шешім қабылдаған. Ем кезінде жансыздандыратын дәрі салынғаннан кейін баланың қызуы көтеріліп, қатты ауырып, иегі ісіне бастаған.
Анасының сөзінше, дәрігерлерге бірнеше рет қайта қаралғанымен, баланың жағдайы күннен-күнге нашарлай берген. Соның салдарынан бірнеше ай ішінде оның төменгі жақ сүйегінің шамамен 60–70 пайызы зақымданған.
"Кейін Астанадағы дәрігерлер балаға "төменгі жақ сүйегінің жедел одонтогендік остеомиелиті" деген диагноз қойған. Осы уақытқа дейін оған сүйектің жансызданған бөліктерін алып тастау үшін екі операция жасалған. Ал алда жақ сүйегін қалпына келтіруге арналған тағы бір күрделі ота күтіп тұр. Қазір отбасы оған қажетті қаражат жинап жатыр", - дейді дереккөз.
Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы жүргізген қызметтік тексерудің қорытындысы бойынша мемлекеттік стоматологияның екі дәрігеріне қатаң сөгіс берілді. Сондай-ақ емхана басшылығына анықталған кемшіліктерді жойып, балаларға көрсетілетін стоматологиялық көмектің сапасын бақылауды күшейту тапсырылды.
Алайда баланың ата-анасы мұндай жазамен келіспейді. Олар дәрігерлердің әрекетіне қылмыстық-құқықтық баға беруді талап етіп отыр.
Отбасының айтуынша, емнен кейін медициналық құжаттарға шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер енгізілген. Сондықтан олар полициядан дәрігерлердің кәсіби міндетін дұрыс орындамауы, медициналық құжаттарды бұрмалауы және салғырттық танытуы мүмкін деген күдікпен тексеру жүргізуді сұрады.