Ақтауда жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыруға байланысты алаяқтық ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бухгалтер кәсіби білімін пайдаланып, жүкті әйелдерді қолдауға арналған мемлекеттік әлеуметтік төлемді заңсыз алу схемасын ұйымдастырған.
Ол қатысушыларды тарту үшін Instagram-да өзін әлеуметтік төлем рәсімдеу жөніндегі маман ретінде таныстырып, жәрдемақы көлемін арттыруға көмектесетінін уәде еткен. Схеманы жүзеге асыру үшін туыстары мен таныстарының атына нақты жұмыс істемеген бірнеше жеке кәсіпкер тіркелген.
Жеке кәсіпкерлер мен осы іске тартылған тұлғалардың электрон цифрлық қолтаңбаларын пайдаланған бухгалтер жалған жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарды, есеп айырысу тізімін, еңбек шарттары және өзге де бухгалтерлік құжаттарды дайындап, заңды еңбек қатынасы бар деген жалған көрініс қалыптастырған.
Осы әрекеттер салдарынан мемлекетке 146 млн теңге көлемінде залал келген.
Қылмыстық жолмен келген қаражатқа үш бөлмелі пәтер сатып алынып, тергеу барысында оған тыйым салынған. Сот үкімімен айыпталушыға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Пәтер мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді.
