Мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектер қозғалысын дамытуға арналған алаңда 7 және одан жоғары жастағы мүгедек адамдар жаттыға алады. Жалпы ауданы 120 шаршы метр жаттығу алаңында 8 түрлі ойын құралдары орнатылған: әткеншектер, турниктер және тағы басқа. Жарақаттан қорғайтын арнайы төсеніш төселген.
Бұл ерекше жобаны «Мейірімді жүрек» қоғамдық жобасының еріктілері жүзеге асырды. Жаңа алаңды одан әрі күтіп ұстау үшін Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің теңгеріміне беріледі.
– Бұл ерекше жоба толығымен демеушілердің есебінен тұрғызылды. Жаттыру құралдары арнайы тапсырыспен Алматы және Ақтау қалаларында дайындалып әкелінді. Осы орайда қала тұрғындарын, жалпыға ортақ қолданыстағы алаңды бүлдірмеуге, ұқыпты ұстауға шақырамын, – деді «Мейірімді жүрек» қоғамдық жобасының өкілі Ләззат Қалиева.