Маңғыстау облысы бойынша Цифрлық технологиялар басқармасы осы жоба аясында ҚР Ішкі істер министрлігі Маңғыстау облысының полиция департаменті және жеке серіктес «Sergek Projects Ltd» компаниясымен бірлесіп, үшжақты келісімге қол қойды.
Жоба бойынша барлығы 1138 бақылау камерасы орнатылады.
Камералардың көмегімен полиция қызметкерлері жол қозғалысы мен қоғамдық құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік алмақ. Бейнебақылау камераларындағы жазба 30 күн бойы сақталады. «Сергек» жүйесін орнату бірінші кезекте жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға бағытталған.
Айта кету керек, «Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігінің зияткерлік жүйесі қазақстандық жасақтаушылардың туындысы.
Ақтау қаласында 95 нүктеде 380 бейнебақылау камерасы, Мұнайлы ауданында 35 нүктеде 140 бейнебақылау камерасы желілік учаскелерге орнатылады.
Ақтау қаласындағы көше қиылыстарында 13 нүктеде 156 камера, Мұнайлы ауданында 5 нүктеде 60 камера орнатылмақ.
Сондай-ақ, Ақтау қаласында 402 қоғамдық қауіпсіздік камерасы, 50 нүктеде 100 камера, Мұнайлы ауданында 100 нүктеде 300 бейнебақылау камерасы болмақ. Темір жол өткелдерінде де камералар орнатылады.
Сонымен қатар, Ақтау қаласында арнайы деректерді өңдеу орталығы, Мұнайлы ауданында жедел басқарудың шағын орталығы ашылмақ.
Қазіргі уақытта «Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігінің зияткерлік жүйесін орнату жұмыстары басталды. Жүйені толық іске қосу 2023 жылдың сәуір айына жоспарланған.