Freedom Inside '26

Ақтау маңындағы қайғылы оқиға: екі азамат суға батып көз жұмды

Ақтау маңындағы қайғылы оқиға: екі азамат суға батып көз жұмды
Фото: egemen.kz

Әлеуметтік желілерде Ақтау маңындағы Көк шығанақта екі жігіттің суға батып көз жұмғаны туралы ақпарат тарады. Бұл қайғылы оқиғаны Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті растады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомствоның мәліметінше, оқиға 26 маусым күні кешкі сағат 20:40 шамасында Ақтаудан 64 шақырым қашықтықтағы Түпқараған ауданындағы Көк шығанақта болған.

Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында мамандар теңізден 2001 жылы туған екі азаматтың мәйітін шығарып, жағаға жеткізді.

Алдын ала мәлімет бойынша, марқұмдар шомылуға тыйым салынған аумақта суға түскен. Оларды іздеуге Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен құтқарушылары, арнайы техника және жүзу құралдары жұмылдырылды.

Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындар мен өңір қонақтарын судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Мамандар тек арнайы жабдықталған әрі шомылуға рұқсат етілген орындарда ғана суға түсуді, теңіз қатты толқыған кезде суға кірмеуді және балаларды қараусыз қалдырмауды ескертті.

"Өз өміріңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараңыздар", – деп үндеу жасады құтқарушылар.