Ақтау. МАЭК апатының себебін анықтау жөніндегі облыстық комиссия мүшелері энергокомбинатқа барды

Dalanews 04 шіл. 2023 10:54 1068

Маңғыстауда МАЭК-те орын алған жағдайтың себебін анықтау жөніндегі облыстық комиссия құрылды. Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған комиссия мүшелері энергокомбинатқа барды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Комиссия құрамына өңір басшысы Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары, Ақтау қаласының әкімі, "МАЭК" ЖШС Бас директоры,"МЭК"АҚ Басқарма Төрағасы, атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша аумақтық департаментінің басшылығы кірді.

Жұмыс тобы орталық диспетчерлік пунктке барып, электр генерациялайтын орталықтың жұмысымен танысты. Осыдан кейін комиссия мүшелері бір күн бұрын апат орын алған электр станциясына барды.

№1 энергия блогы тоқтаған сәттен бастап қазандық салқындату процесінде тұр.

№1 энергоблокты жөндеу жұмыстары 2023 жылдың 00:00-5 шілдеге жоспарланған. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін энергия блогы толық көлемде іске қосылады деп жоспарлануда.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев энергокомбинатқа барған кезде апаттың салдары халыққа әсер етпегенін, алайда ірі өндірістік компаниялар экономикалық шығынға ұшырағанын атап өтті.


– Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының аумағында үш энергия құраушы станция (ЖЭС, ЖЭО-1, ЖЭО-2) бар, олардың әрқайсысы энергия блоктарынан тұрады. ЖЭС энергия блоктарының бірінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде, қалған екеуі жұмыс істеп тұр.

Кеше, 3 шілдеде жылу электр станциясында жүктемесі 130 МВт болатын №1 энергоблок апатты жағдайда ажыратылған. Осыған орай бүгінгі күні станцияда тек бір энергия блогы жұмыс істеуде.

Менің тапсырмам бойынша өңірде апаттың себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Апатты жою үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Бұл жерде энергияны тұрғындарға беру бойынша еш шектеу жоқ. Бірақ апаттың салдары ірі кәсіпорындарға әсер етуде. Мамандардың айтуынша, тоқ көзінен ажыратылған №1 энергия блогы жөнделгеннен кейін толық көлемде іске қосылады, – деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар