Ақтау әкімдігі Каспий жағалауындағы жер телімін кәсіпкерге заңсыз беріп жіберген

Көркем Алдабергенова 08 шіл. 2025 16:09

Маңғыстау облысының прокуратурасы Ақтау әкімдігінің кәсіпкерге Каспий теңізі жағалауынан жер телімін заңсыз бергенін анықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тексеру барысында Маңғыстау облысында жерді заңсыз беру және мақсатына сай пайдаланбау фактілері анықталған.

"Қала әкімдігі серіктестікке негізгі жер телімі игерілмегеніне қарамастан, теңіз жағалауынан қосымша 0,5 гектар жер бөлген. Сот шешімімен бұл жер мемлекет меншігіне қайтарылды", - делінген прокуратура мәліметінде.

Сондай-ақ қала аумағында мемлекет меншігіндегі жерлерді заңсыз иемденудің тоғыз дерегі тіркелген. Тиісті тұлғаларға жалпы сомасы 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

Жалпы, биыл Маңғыстау облысында 91 мың гектар аумақтағы 87 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған. Олардың нарықтық құны шамамен 800 миллион теңге деп бағалануда.

Бұдан бөлек, 83 мың гектар жайылымдық жер де кері қайтарылған – себебі жер иелеріндегі мал басы жайылымға түсетін жүктеме нормативіне сай келмеген, яғни жер тек формалды түрде пайдаланылып келген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар