Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірдегі ең ірі өнеркәсіптік қалалардың бірі – Ақсуға жаңа әкім тағайындады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алайда жаңа басшының ресми өмірбаянында металлургия немесе ірі өнеркәсіп саласында еңбек еткен тәжірибесі көрсетілмеген.
Президент Әкімшілігінің келісімімен Ақсу қаласының әкімі болып Ануарбек Аманов тағайындалды. Ол бұған дейін Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Ресми өмірбаянына сәйкес, Ануарбек Аманов «Автомобиль және трактор жасау» мамандығы бойынша инженерлік білім алған, кейін заңгер мамандығын тәмамдаған. Еңбек жолын Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінде бастап, кейін тұрғын үй инспекциясында, Екібастұз және Павлодар қалалары әкімдерінің орынбасары қызметтерінде жұмыс істеген.
Алайда оның өмірбаянында металлургия, энергетика немесе ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын басқару саласындағы еңбек тәжірибесі туралы мәлімет жоқ.
Бұл ретте Асайын Байхановтың өзі Ақсуды Павлодар облысындағы негізгі өнеркәсіп орталықтарының бірі деп атады. Оның айтуынша, қала өңірдегі жалпы өнеркәсіп өндірісінің шамамен 17 пайызын қамтамасыз етеді.
Ақсу – Қазақстандағы ең ірі ферроқорытпа өндірісі орналасқан қала. Мұнда Ақсу ферроқорытпа зауыты мен энергетика кәсіпорындары жұмыс істейді. Сондықтан қала әкімінен коммуналдық мәселелермен қатар, өнеркәсіп алыптарымен тиімді жұмыс жүргізу, өндірістік жобаларды сүйемелдеу және инвесторлармен тұрақты байланыс орнату талап етіледі.
Соған қарамастан, жаңа әкімге берілген негізгі тапсырмалар коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, абаттандыру, жол жөндеу, әлеуметтік нысандар салу және жылу маусымына дайындық мәселелеріне қатысты болды.
Осыған байланысты өнеркәсіптік әлеуеті жоғары Ақсуды өндіріс саласында тәжірибесі көрсетілмеген басқарушының қаншалықты тиімді басқара алатыны әзірге ашық сұрақ күйінде қалып отыр.