АҚШ-та америкалықтар асырап алған қазақстандық балалардың бірлестігі құрылды

Қаракөз Амантай 29 сәу. 2024 15:42 1945

Асыранды балалар туған ата-аналарын табу үшін бір-біріне көмектеседі. АҚШ-та америкалықтар асырап алған қазақстандық балалардың бірлестігі құрылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Арман Әкішев есімді қазақ жігіті қолға алған ұйым қазірдің өзінде бірнеше отбасының қайта қауышуына себеп болыпты.

Қазақы шапаны мен бөркін киген Арман Әкішев бұған дейінгі жылдары Нью-Йорк пен Пенсильванияда өткен Наурыз мерекесіне қатысса, бұл жолы Вашингтон аймағындағы қазақтармен танысуды жөн көріпті. Жердің шалғайлығына қарамай, бірнеше сағат жол жүріп келген, деп жазады qazaqstan.tv.

"Біріншіден мен қазақпын. Сондықтан мұндай бас қосулардан қалмауға тырысам. Осындай сәттерде жаңа достар табасың. Оның үстіне біз құрған бірлестік ұлғайғанын қалаймын. Ол үшін мұндай жиындар аса маңызды”, - дейді Арман Әкішев.

Арман Праволардың тумасы. Осыдан жиырма жыл бұрын америкалық отбасы асырап алған. Десе де шыққан тегін білуге деген ұмтылысы арқасында үш жыл бұрын туған әке шешесін табады. Тіпті Қазақстанға барып, туыстарын көріп қайтқан. "Менің жолым болды, бір ай ғана іздедім дейді өзі. Ал көп асыранды бала жылдар бойы арманына жете алмай жүр.

"Америкалықтар жеті мыңдай бала асырап алғанын білеміз. Солардың көбі шыққан тегін білгісі келеді. Сол себепті де осы бірлестікті құрдық. Қазақ еліне қалай ұшып баруға болады. Туған әке шешесін, ағайын туыстарын қалай іздеу керек. Осы мәселерде қол ұшын созамыз әрі Қазақстан мәдениетімен етене танысуына көмектесеміз", - дейді Асыранды балалар бірлестігінің жетекшісі Арман Әкішев.

Бірлестік Қазақстан елшілігімен қарым қатынас орнатып, әлеуметтік желі арқылы белсенді жұмыс істей бастады. Нәтижесі де жаман емес. Бір жылдың ішінде алты қазақ баласы туыстарымен қауышқан. Әзірге онлайн кездесу өткізетін ұйым мүшелері болашақта қатары молайса туған жермен байланысын кеңейту үшін тұрақты құрылтай өткізіп тұрмақ. Ал 5 жасында еріксіз мұхит асса да Арманның туған жерге деген махаббаты ерек. Тіпті, көлігінің сыртына да, ішіне де ел байрағын қойып алған. Биыл жазда Қазақстанға арнайы барып, ана тілін үйренбек ниетте.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар