Әлеуметтік желілерде «АҚШ Сенаты Дональд Трамптың әскери өкілеттігін шектеді» деген мазмұнда жазбалар тарады. Авторлар бұл шешім «ойын ережесін өзгертеді», ал нарықтар жаңа режимге өтеді деп пайымдайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бірақ шын мәнінде не болып жатыр?
Посттарда АҚШ-тың бірнеше қаласындағы жаппай шерулердің кадрлары көрсетіліп, Сенат президенттің Конгрестің келісімінсіз әскери әрекет жасау мүмкіндігін шектегені айтылады. Алайда нақты қандай заң немесе қарар қабылданғаны, оның қашан күшіне енгені туралы нақты дерек келтірілмейді.
АҚШ-та президенттің әскери өкілеттігі Конституциямен және арнайы заңдармен реттеледі. Мұндай өзгерістер бір ғана саяси мәлімдемемен емес, күрделі заңнамалық рәсім арқылы қабылданады: құжатты Конгресс мақұлдап, президент қол қоюы немесе вето еңсерілуі қажет.
Сарапшылардың айтуынша, геосаяси тақырыптарды пайдаланып, эмоциялық фон жасау – әлеуметтік желідегі аудиторияны тартудың кең тараған тәсілі. Әсіресе соңында «инвестициялық комьюнитиға қосылыңыз», «бот арқылы сигнал алыңыз» деген шақырулар болса, мұндай контенттің маркетингтік сипаты айқын көрінеді.
Нарықтар расында геосаяси жаңалықтарға сезімтал. Бірақ кез келген ақпаратты инвестициялық шешімге негіз етпес бұрын оның дереккөзі мен құқықтық салдарын нақты тексеру маңызды.
Ақпарат ағыны күшейген заманда ең бастысы – эмоцияға емес, фактіге сүйену.
