АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла президенті Николас Мадуроның ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Трамптың жазуынша, АҚШ Венесуэлаға және ел басшысы Николас Мадуроға қарсы ауқымды операция жүргізген. Оның айтуынша, Мадуро жұбайымен бірге ұсталып, елден эвакуацияланған. Операция АҚШ-тың құқық қорғау органдарымен бірлесіп атқарылған.
«Америка Құрама Штаттары Венесуэлаға және оның көшбасшысы, президент Николас Мадуроға қарсы ауқымды соққыны сәтті жүзеге асырды. Ол жұбайымен бірге ұсталып, елден эвакуацияланды. Операция АҚШ құқық қорғау органдарымен бірлесіп өткізілді. Толық мәлімет кейінірек жарияланады. Бүгін сағат 11:00-де Мар-а-Лаго резиденциясында баспасөз конференциясы өтеді», – деп жазды Трамп сенбі күні әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске сала кетейік, бұған дейін Венесуэла билігі Америка Құрама Штаттарын елге қарсы әскери агрессия жасады деп айыптаған еді. Мұндай мәлімдеме Каракаста және елдің бірқатар өңірінде болған жарылыстардан кейін айтылған.
