"Ақша керек болғанда жазып тұрдым": Атыраудағы трагедияға қатысты ел естімеген жайт ашылды

"Ақша керек болғанда жазып тұрдым": Атыраудағы трагедияға қатысты ел естімеген жайт ашылды
Dalanews.kz коллажы

Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 2026 жылдың 4 маусымындағы отырыста Қарабалиндер отбасының малын баққан тұрғын куә ретінде жауап берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Куәнің айтуынша, 2025 жылдың қараша айында Мақсот Қарабалиннің қой кезегі келген. Сол кезде ол отбасының орнына мал бағып, еңбекақысын кешкі уақытта Kaspi қосымшасы арқылы алып отырған.

"Малын күнделікті бағып жүрдім. Қой, ешкі, баспақ болды. 25-і күні қырдағы малы келді. Қыс бойы, екі ай соны да бақтым. Үйінде үш сиыры бар еді, жалпы жеті сиыр болатын. Наурызға ақша керек болғанда жазып тұрдым, сол кезде аударды. Күнделікті ақша аударған жоқ. 2026 жылдың 25 қаңтарына дейін бағып бердім. Екі айлық жұмысыма бір баспақ береді деп келіскенбіз", – деді куә.

Сондай-ақ ол 2025 жылдың 15-20 қарашасы шамасында Наурыз Мұқанғалиевтен хабарлама келгенін айтты. Куәнің сөзінше, хабарламада "шешем ауырып жатыр, операцияға ақша керек" делінген.

"Мал сатамын, сатып алатын адамды өзім жіберемін деді. Маған тек малды көрсетіп беруімді сұрады. Кейін адамдар келді, өздері екеуара келісті. Менің оған қатысым жоқ", – деді куә сотта.

Куә сол кезде телефонның ар жағындағы хабарламаны Наурыз Мұқанғалиев жазып отыр деп ойлағанын жеткізді.