АҚШ-та 24 жастағы қазақстандық Әсет Құралбайдың жоғалып кеткеніне екі аптаға жуық уақыт болды. Ол жақындарымен соңғы рет 2 маусым күні байланысқа шыққан. Ал 7 маусымнан бері телефоны өшірулі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты растады. Ведомствоның мәліметінше, қазір қазақстандық дипломаттар оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нью-Йорктегі Бас консулдық та жоғалған азаматтың туыстарымен тұрақты байланыста екенін хабарлады.
Туыстарының айтуынша, Әсет Құралбай үйінен шығар кезде барлық құжаттары мен әмиянын қалдырып кеткен. Іздеу жұмыстары барысында жергілікті полиция оның автокөлігін тапқанымен, жас жігіттің өзі әзірге табылған жоқ.
Қазіргі уақытта оның қайда екені және қандай жағдайда жоғалып кеткені белгісіз.