АҚШ Қытай тауарларын айналып өткізетін елдер тізіміне Қазақстанды қосты

АҚШ Қытай тауарларын айналып өткізетін елдер тізіміне Қазақстанды қосты
pixabay.com

Қазақстан АҚШ әкімшілігі Қытайдан келетін тауарларға салынатын баж салығын үшінші елдер арқылы айналып өту тәуекелі бар мемлекеттер қатарында атаған елдер тізіміне кірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

АҚШ әкімшілігі жариялаған «The Great Transshipment Scam» құжатында Қытайдан шыққан тауарлардың жоғары тарифтерді айналып өту үшін бажы төмен елдер арқылы АҚШ нарығына жеткізілуі мүмкін екені айтылған.

Құжатта мұндай схемаларда тауарларды қайта қаптау, таңбалау, шот-фактураларды өзгерту, өнімге шамалы өңдеу жүргізу немесе оның шыққан елін қате көрсету сияқты тәсілдер қолданылуы мүмкін екені көрсетілген. Сонымен қатар АҚШ тарапы сауда бағыттарының өзгеруі әрдайым заңсыз әрекетті білдірмейтінін, оған өндіріс пен инвестициялардың ауысуы, сондай-ақ жаһандық жеткізу тізбектеріндегі өзгерістер де себеп болуы мүмкін екенін атап өткен.

Ақ үйдің мәліметінше, болжамды схемаларға қатысы болуы мүмкін 40-тан астам мемлекет пен экономика құжатқа енгізілген. АҚШ әкімшілігінің бағалауынша, мұндай ықтимал қайта тиеу операцияларының көлемі есептеу әдісіне қарай жылына $40 млрд-тан $303 млрд-қа дейін жетуі мүмкін.

Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Өзбекстан құжатта Tier III санатына енгізілген. Бұл санатқа болжамды қайта тиеу көлемі салыстырмалы түрде төмен, алайда сауда бағыттарын өзгерту үшін белгілі бір мүмкіндіктері бар шағын экономикалар жатқызылған.

Құжатта мұндай тәуекел факторлары ретінде арзан жұмыс күші, еркін экономикалық аймақтар, шекаралар мен порттарға қолжетімділік, кеден қоймалары, арнайы құрастыру өндірістері және кедендік бақылаудың шектеулі болуы аталады.

Алайда АҚШ құжатында Қазақстанға қатысты нақты компаниялар, операциялар немесе Қытай тауарларын АҚШ-қа заңсыз қайта экспорттау жағдайлары көрсетілмеген. Сондай-ақ Қазақстанның болжамды схемадағы нақты рөлі егжей-тегжейлі сипатталмаған.

Қазақстанның тізімге енгізілуі елдің халықаралық көлік-логистикалық бағыттардағы рөлінің артуы аясында қаралып отыр. Қазақстан Қытай мен Еуропаны байланыстыратын сауда бағыттарына, соның ішінде Орта дәлізге қатысады.

Қазіргі уақытта Қазақстанның Tier III санатына енгізілуіне байланысты қандай да бір нақты санкция немесе қосымша баж енгізілетіні туралы ақпарат жоқ. АҚШ әкімшілігі ықтимал тарифтік айналып өту схемаларын бақылау үшін жасанды интеллект негізіндегі America’s Detective Border жүйесін енгізуді ұсынған.