АҚШ Қазақстан терминалы салынып жатқан Бендер-Аббас портына соққы жасады

АҚШ Қазақстан терминалы салынып жатқан Бендер-Аббас портына соққы жасады
видео кадры

АҚШ пен Иран арасындағы жағдай қайта шиеленісті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ормуз бұғазы маңында үш коммерциялық кемеге шабуыл жасалғаннан кейін АҚШ әскері Иран аумағындағы бірнеше нысанға әуе соққыларын қайта бастады. Соққы жасалған орындардың қатарында Қазақстан өз терминалын салып жатқан Бендер-Аббас порты да бар.

Осылайша, екі ел арасындағы уақытша сақталған бітім іс жүзінде бұзылды. Сарапшылардың пікірінше, жаңа шабуылдар аймақтағы қауіпсіздік жағдайын одан әрі ушықтырып, халықаралық тасымал мен сауда бағыттарына әсер етуі мүмкін.

Әскери шиеленістің күшеюі Қазақстан мен Иран көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты белсенді дамытып жатқан кезеңге тұспа-тұс келді.

Маусым айында екі ел көлік дәліздерін дамыту жұмыстарын жеделдетуге уағдаласып, Бендер-Аббас қаласындағы Шахид Раджаи портынан Қазақстанға арнайы терминал аумағын беру туралы келісімге келген болатын. Болашақта бұл нысан қазақстандық өнімдерді Парсы шығанағы елдеріне, сондай-ақ Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттеріне жеткізетін маңызды логистикалық хабқа айналады деп жоспарланған. Бұған қоса, Иран тарапы Қазақстанға Чабахар портында жұмыс істеуге мүмкіндік беруге дайын екенін де мәлімдеген еді.

Алайда қазір бұл өңір әскери қақтығыс қаупі күшейген аймаққа айналып отыр. Жағдайды Иранның ішкі саяси ахуалы да күрделендіре түсті. Елде жоғарғы діни көшбасшы Әли Хаменейді жерлеу рәсімдері жалғасуда. Оны жерлеу 9 шілдеде Мешхед қаласында өтеді деп жоспарланған.