Ақорданың сауатты қадамы – Қазақстанның билігі ішкі және сыртқы күштерге нақты белгі беруде

Ақорданың сауатты қадамы – Қазақстанның билігі ішкі және сыртқы күштерге нақты белгі беруде

Қазақстанда президент өкілеттігінің мерзіміне қатысты бірнеше жылдан бері талқыланып келген құқықтық мәселе өз шешімін тапты. Мемлекет басшысының Конституциялық сотқа жүгінуі және соттың осы мәселеге қатысты ресми түсіндірме беруі елдегі саяси жүйенің құқықтық негіздерге сүйеніп дамып келе жатқанын көрсетті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қарашада Конституцияға енгізілген өзгерістерден кейін жеті жылдық бір реттік мерзімге сайланған болатын. Алайда кейін қолданыстағы конституциялық нормаларды әртүрлі түсіндіруге байланысты кезекті президент сайлауының мерзімі жөнінде сұрақтар туындады. Бір тарап сайлау 2028 жылы өтуі керек деп есептесе, енді біреулер конституциялық реформалардан кейін саяси институттардың жаңаруына байланысты мерзімдерді қайта қарау қажет деген пікір білдірді.

Осы жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Конституциялық сотқа жүгініп, құқықтық тұрғыдан нақты түсінік алуды жөн көрді. Конституциялық соттың шешіміне сәйкес, жаңа Конституцияның қабылдануы бұрынғы конституциялық нормалар негізінде қабылданған шешімдердің мерзімін автоматты түрде ұзартпайды. Яғни президенттің бір реттік жеті жылдық өкілеттік мерзімі сайлау өткен күннен бастап есептеледі.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірінше, бұл қадам бірнеше жылдан бері күн тәртібінде тұрған мәселені құқықтық жолмен шешіп қана қоймай, ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі ойыншыларға маңызды саяси сигнал берді. Оның айтуынша, Қазақстан билігі саяси процестердің заң үстемдігі қағидатына негізделетінін және мемлекеттік институттардың жұмысы құқықтық нормалар аясында жүзеге асатынын көрсетті.

Сарапшылардың бағалауынша, бұл шешім саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, түрлі алыпқашпа әңгімелер мен болжамдардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар биліктің конституциялық рәсімдерді қатаң ұстануы Қазақстанның саяси жүйесінің болжамдылығы мен ашықтығын арттырады.

Мұндай қадам әсіресе қазіргі күрделі геосаяси жағдайда маңызды. Өйткені ішкі және сыртқы аудитория үшін елдегі саяси процестердің нақты құқықтық негізде жүргізілетіні, мемлекеттік институттардың өз құзыреті аясында әрекет ететіні жөнінде анық белгі беріліп отыр. Бұл өз кезегінде Қазақстанның құқықтық мемлекет қағидаттарына адалдығын тағы бір мәрте айқындай түседі.

Осылайша, Конституциялық соттың шешімі президенттік өкілеттік мерзіміне қатысты құқықтық айқындық қалыптастырып қана қоймай, Қазақстанның саяси жүйесінде заңның үстемдігі негізгі қағидат болып қала беретінін көрсетті. Ал Ақорданың бұл қадамы елдегі саяси тұрақтылықты сақтауға және мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтуға бағытталған маңызды шешім ретінде бағалануда.