Алматыда жұмбақ жағдайда мерт болған Ақнәр Гүлстанның ісі не үшін созылып кеткені белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Ақнәрдің анасы Гүлстан Хамит айтты.
"Ақнәрдің ісі бас прокуратураның тапсырмасымен, Алматы қаласы прокуратурасының қадағалауымен Алматы қалалық Антикор тергеу жүргізіп жатыр. Әрине, Ақнәр ісі бұған дейін Алматының құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің үлкен құқықбұзушылығы салдарынан осы күнге дейін созылып, қайта қаралып жатқанын білесіздер", - дейді Гүлстан Хамит.
Еске салайық, Алматыда 2024 жылы 20 шілдеде Ақнәр Гүлстан көпқабатты тұрғын үйдің жетінші қабатынан құлап, қайтыс болған. Тергеу бұл оқиғаны "өзін-өзі өлтіру" бабымен тіркеген. Алайда жақындары Ақнәрдің жетінші қабаттан құлап кеткеніне сенбейді. Олардың сөзінше, марқұм қаза тапқанға дейін денесінде азаптау белгілері болған.
Кейінірек марқұмның анасы Гүлстан Қамит Алматы қалалық тергеу органдары мен прокуратурасы бұл істі жеңіл баппен өзіне өзі қол жұмсауға итермелеу деп бағалап, шынайы тергеу жүргізбей отырғанын мәлімдеді.
Ал Алматы қалалық ПД мәліметінше, тергеу басқармасы былтыр шілдеде Алматы тұрғынының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғаған.