Ақмола облысындағы лагерьде балалардың жаппай улануына қатысты тергеу жалғасып жатыр

Ақмола облысындағы лагерьде балалардың жаппай улануына қатысты тергеу жалғасып жатыр
pixabay.com

Ақмола облысындағы Lingvo Camp жекеменшік сауықтыру лагерінде балалардың жаппай улануына байланысты кінәлілерді анықтау жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қорытындысы алынып, қылмыстық іс материалдарына тіркелген.

«Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және толық анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады ведомство.

Полицияның мәліметінше, тергеу нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.

Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 304-бабының 1-бөлігі («Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу, абайсызда адамдардың жаппай улануына әкеп соғу») бойынша тергеліп жатыр. Аталған бап бойынша айыппұл салу, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Еске салайық, 2026 жылғы 1 шілдеде Біржан сал ауданындағы Lingvo Camp жекеменшік жыл бойы жұмыс істейтін сауықтыру лагерінде балалар арасында тағамнан жаппай жұқпалы ауру тіркелді. Зардап шеккен алты баланың төртеуі көпбейінді облыстық балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылып, тағы екеуі амбулаториялық ем қабылдаған.