Ақмола облысында су қоймасы маңындағы отбасылық демалыс қайғылы оқиғамен аяқталды. 11 шілде күні Целиноград ауданына қарасты Қызылжар ауылының маңында көлік суға түсіп кетіп, 8 және 12 жастағы апалы-сіңлілі екі қыз көз жұмды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, отбасы демалыс күндерін табиғат аясында өткізу үшін жасанды су қоймасының жағасына барып, сол жерде түнеген. Келесі күні таңертең суға шомылған қыздар киімдерін ауыстыру мақсатында жағалауда тұрған автокөлікке отырған.
Осы сәтте көлік кенеттен өздігінен қозғалып, еңіспен төмен сырғып, суға құлаған. Қыздардың әкесі балаларын құтқаруға әрекет жасағанымен, көліктің есігін аша алмаған және терезесін де сындыра алмай қалған.
Автокөлік қысқа уақыттың ішінде су түбіне батып, салдарынан екі бала қаза тапты.
Қазіргі таңда оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр. Құзырлы органдар тергеу амалдарын бастады.