Ақмола облысында көкпар ойыны кезінде 13 жастағы Дінмұхаммедтің қаза болуына байланысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Тергеу органдары болған жағдайды жазатайым оқиға деп танып, іс материалдарынан қылмыстық құқықбұзушылық құрамын анықтамаған. Алайда марқұмның туыстары бұл шешіммен келіспей отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Halyqstan мәліметінше, айғылы оқиға 26 мамырда Целиноград ауданына қарасты Қабанбай батыр ауылында болған. Сол күні Дінмұхаммед көкпар жаттығуына барған.
Туыстарының айтуынша, ойын кезінде жасөспірім қарсылас командаға серкені бермеуге тырысқан. Осы сәтте қарсылас ойыншылардың бірі қатты жылдамдықпен келіп, оның атына бүйірінен соғылған. Соқтығыс салдарынан Дінмұхаммед жерге құлап, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Марқұмның туыстары баланың өліміне жай ғана аттан құлау себеп болды деген нұсқаға күмән келтіреді. Дінмұхаммедтің тәтесінің мәлімдеуінше, сот-медициналық сараптама қорытындысында денсаулыққа ауыр зиян "қатты доғал заттардың әсерінен" келтірілгені жазылған. Алайда жарақаттардың аттан құлау салдарынан болғаны көрсетілмеген.
"Баланың басынан ауыр жарақат алған, жұлыны зақымданып, мойны сынған. Аттан құлаған кезде осындай жарақат алуы мүмкін бе? Құлап бара жатқан адам инстинктивті түрде қорғанып, денесін жинауға тырысады. Біз аттан құлады деген нұсқаға сенбейміз. Сұрағымыз өте көп, бірақ ешкім жауап бермей отыр", - деп жазды марқұмның тәтесі Threads парақшасында.
Туыстары Дінмұхаммед өмірге қауіпті жарақаттарды ер-тоқымда отырған кезінде, қарсылас ойыншының соққысынан алды деп есептейді. Олардың сөзінше, аудандық полиция бөлімі мен облыстық прокуратура адам өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғағанымен, шамамен екі айдан кейін тергеу тоқтатылған.
Марқұмның жақындары ойын кезінде болған соқтығыстың мән-жайы толық зерттелмеді деп санайды. Олар істің неліктен қысқа мерзім ішінде жабылғанын және оқиғаның қандай дәлелдер негізінде жазатайым жағдай ретінде бағаланғанын түсіндіруді талап етіп отыр.