Ақмола облысында Шөптікөл бөгеті жарылды: қазір не болып жатыр?

Сағыныш Сардарова 06 сәу. 2026 12:35

Ақмола облысында еріген қар суы келуіне байланысты Шөптікөл бөгеті бұзылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өңір әкімдігі ақпаратына сүйенсек, оқиға орнында облыс әкімі Марат Ахметжанов пен төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы Серік Жүнісбеков бар.

Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның жетекшілігімен жедел штаб құрылған.

Жақын маңдағы елді мекен Сабынды ауылын су басу қаупі толық жойылған, барлық нысан қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Жергілікті атқарушы органдар, ТЖМ күштері және тұрғындар Астана-Қорғалжын республикалық тасжолы арқылы еріген суды далаға бұрып жатыр.

Төтенше жағдайдың салдарын жоюға 56 техника және 230-дан аса жергілікті тұрғын, ТЖМ жеке құрамы жұмылдырылған. 5 мың қап және 50 мың тонна инертті материал дайындалған. Жағдай тиісті қызметтердің бақылауында.

Бөгет Астана-Қорғалжын республикалық тасжолының бір бөлігін су басудан қорғайды, сондай-ақ, Шевченко және Балқаш тоғандарын сумен қамтамасыз етеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove