Ақмола облысында аудан прокуроры қылмысты жасырып отыр деп айыпталды

Сағыныш Сардарова 16 мау. 2025 16:53

Telegram арналардың бірінде Ақмола облысы Қорғалжын ауданының прокуроры қылмысты жасырып-жауып отырғаны жөнінде ақпарат тарады,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Арна мәліметінше, Қорғалжын ауданының полициясына "Ақ Құлын" ЖШС арызданған. Шаруашылықтан 486 жылқы мен 24 бас ірі қара мал ұрланған. Шығын көлемі 278 570 000 теңгеге жеткен.

"Ақ Құлын" ЖШС бухгалтерлік есептің құжаттарын ұсынған. Алайда полиция расталмағанын айтып, істі тіркеуден бас тартқан. Қорғалжын ауданының полиция бастығы Дархан Қуанышев арыз берушілерді аудиторларға бағыттаған. Дархан Ермекұлының пікірінше, залалды тек аудиторлар бағалай алады", - деп жазылған арна мәліметінде.

Желіде тараған ақпаратта аудандық прокурордың есімі де аталған.

"Аудандық прокурор Жасұлан Кемелбеков бұл оқиғаның барлығы "азаматтық-құқықтық" дау деп есептеген. Бір қызығы, мал ұрлығы жасалған, құжаттары бар, залал көлемі 278 миллион теңгеге жетеді. Бірақ Қорғалжын ауданының прокуроры мен полиция бастығы арызды қабылдаудан бас тартып отыр. Былайша айтқанда, шенеуніктер қабілетсіз екенін көрсетіп отыр. Іс қозғаудан бас тарту арқылы прокурор Кемелбеков пен полиция бастығы Қуанышев қылмысты жасырып отыр ма?" - делінген арна ақпаратында.

Үндеу авторы Ақмола облысының прокуроры Руфат Құттықов пен Полиция департаментінің бастығы Нұрсұлтан Мұқашевтен осы іске араласуды сұраған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар