Ақмола облысында прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде жалпы құны 82 млн теңгеден асатын ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ақмола облысының прокуратурасы мәліметінше, Сандықтау ауданының прокуратурасы жер комиссиясының қызметіне талдау жүргізу барысында заң талаптарының бұзылғанын анықтаған. Атап айтқанда, уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурс кезінде өтінімдерді қарау және қорытынды шығару тәртібі сақталмаған.
Тексеру нәтижесінде конкурс қорытындысы үш кезеңмен шығарылғаны белгілі болды. Ал қолданыстағы заңнама бойынша конкурс нәтижесі оны өткізгеннен кейінгі келесі күні жариялануы тиіс. Белгіленген мерзімдердің сақталмауы конкурстың ашықтығы мен әділдігіне әсер еткен.
Қадағалау актісінің негізінде жерді пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау органы сот тәртібімен 7 жер учаскесін жалға беру туралы келісімшартты жарамсыз деп таныды. Соның нәтижесінде заңсыз берілген жалпы аумағы 1400 гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылды.
Анықталған заңбұзушылықтар үшін жауапты лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура заңсыз бөлінген жерлерді қайтару және жер қатынастары саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.
