Ақкөлде шенеунік күйеу баласына мемлекеттік тапсырыс бергені үшін айыппұл арқалады

Көркем Алдабергенова 02 мам. 2025 18:10 320

Ақмола облысы Ақкөл аудандық соты аудандық білім бөлімінің басшысын әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салды. Ол мемлекеттік сатып алу шарттарын жасағанда мүдделер қақтығысы туралы басшылықты ескертпеген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сотта анықталғандай, шенеунік бірнеше келісімшартқа қол қойған. Бірақ бұл келісімдер өзінің күйеу баласы басқаратын жеке кәсіпкерлікпен жасалғаны белгілі болды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметкер мұндай жағдайда міндетті түрде жазбаша түрде басшылықты хабардар етуі керек болған. Алайда ол бұл талапты орындамаған.

Заң бойынша мемлекеттік қызметкерлерге жақын туыстары мен қайын жұрт өкілдерінің мүддесіне жұмыс істеуге, яғни өз өкілеттігін олар үшін пайдалануға тыйым салынған. Ал қызметке орналасу кезінде ол бұл ережелерді сақтау жөніндегі міндеттемеге қол қойған.

Сот оның бұл әрекеті алғаш рет орын алғанын ескеріп, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Әкімшілік кодекске сәйкес айыппұлды ерікті түрде мерзімінен бұрын төлеген жағдайда берілетін жеңілдікпен оның көлемі 275 240 теңгені құрады. Үкім заңды күшіне енді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар