Көпшілікке танымал «Ауылым» әнінің авторы, ақын Жабайыл Бейсенов Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Құрмет» орденімен наградталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолы қойылған мемлекеттік награданы 90-нан асқан ақсақалға үйіне келіп Үржар ауданының әкімі Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы табыстады.
«Бүкіл қазақ баласы «Ауылым» әнімен өсті. Бала күнімізден тыңдап өскен әннен бөлек 8 кітап шығарып, қазақ поэзиясына қосқан үлесіңіз зор. Ауылдағы ақынға құрмет көрсеткен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, Абай облысының әкімі Нұрлан Телманұлы Ұранхаевқа алғыс білдіреміз! Қазақ руханиятына еңбек сіңіре беріңіз!» деген аудан әкімі награданы ақынның төсіне тақты.
Атап өтейік, бүгінде Абай облысы, Үржар ауданында тұратын ақын «Кіндігімнің жас қаны, Тамған жерім ауылым» деген танымал әннің сөзін 1972 жылы жазған. Кейін өлеңге ән жазылып, ол халыққа бір жылдан кейін жол тартқан. Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған ақынның қолынан әлі қаламы түскен жоқ.