Астана тұрғыны қазақстандықтарға АҚШ визасы мен азаматтығын және "жеңіл көші-қонды" уәде етіп, миллиондаған теңге алған. Енді ол 7 жылға жуық мерзімге сотталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сот мәліметінше, әйел екі компаниясы арқылы заңгерлік қызмет көрсететіндей көрініп, алаяқтық схема ұйымдастырған.
Клиенттерге АҚШ, Ұлыбритания және Еуропа елдеріне ұзақ мерзімді виза рәсімдеп беруге, ал кейбіріне тіпті АҚШ азаматтығы мен тұрақты тұруға рұқсат алып беруге уәде етілген. Ол үшін адамдардан қомақты қаражат жиналып, барлық мәселе "сенімді байланыстар" арқылы шешілетіні айтылған. Алайда тергеу барысында ешқандай нақты қызмет көрсетілмегені анықталды.
Іс бойынша 124 алаяқтық эпизоды тіркеліп, келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 896 миллион теңгені құраған.
Сотта дәлел ретінде хат алмасулар, ақша аударымдары, қолхаттар және жәбірленушілердің жауаптары ұсынылған. Айыпталушы өз кінәсін тек ішінара мойындаған.
Нәтижесінде әйел 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған 5 жыл бойы туризм және көші-қон саласында жұмыс істеуге тыйым салынды.