Түркістан облысы Сайрам ауданындағы Ақбұлақ ауылының тұрғындары ауыл ішіндегі жолдармен қатынайтын ауыр жүк көліктеріне қатысты алаңдаушылық білдіруде, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда тұрғындар күндіз-түні тоқтаусыз жүретін жүк көліктерінің ауыл тыныштығын бұзып отырғанын айтады. Олардың сөзінше, ауыр техникалардан шығатын қатты шу тұрғындарға қолайсыздық туғызып, әсіресе түнгі уақытта тынығуға кедергі келтіруде.
Сондай-ақ ауыл тұрғындары ауыр жүк көліктерінің жиі қатынауы жолдардың тез тозуына әсер етіп жатқанын алға тартады. Олар бұл мәселеге жауапты мемлекеттік органдар назар аударып, тиісті шаралар қабылдауын сұрайды.
Айта кетейік, Ақбұлақ ауылындағы ауыр жүк көліктерінің қозғалысына қатысты мәселе бұған дейін де көтерілген. 2021 жылы тұрғындар карьерлерден тас таситын техникалардың ауыл ішіндегі жолдарды бүлдіріп жатқанын айтып, наразылық білдірген болатын.
Қазіргі уақытта аталған мәселеге қатысты жауапты мекемелердің ресми түсініктемесі жарияланған жоқ.