Атырау облысында қайын жұртын өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевтің әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, тергеу барысында Ақбаян Мұқанғалиеваның кісі өлтіру дерегіне қатысы бар екені анықталмаған.
"Әйелдің кісі өлтіру фактісіне қатысы болмағандықтан, оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Ал қылмыс туралы хабарламау фактісі бойынша бөлек іс тіркелді. Дегенмен оған әлі құқықтық баға берілген жоқ. Ақбаян Мұқанғалиева бұл іс бойынша күдікті деп танылған жоқ. Оған қатысты бұлтартпау шарасы да қолданылмаған", – деді Жандар Болатбек.
Бұған дейін Мұқанғалиеваға Алматыда психиатриялық сараптама жүргізіліп жатқаны хабарланған еді. Атырау облысы прокуратурасының мәліметінше, сараптама қорытындысы әзірге шықпаған.
Осыған байланысты Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекетіне құқықтық баға оның психикалық жағдайы толық анықталғаннан кейін беріледі.