Ақ Жайықта Ақұштап ақын атындағы Әдебиетшілер үйі ашылды

Жарбол Кентұлы 11 қаз. 2024 11:05 1595

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауылында ақын Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жасқа толуына орай есігін айқара ашқан Әдебиетшілер үйінде өңіріміздің қаламгерлері бас қосты.


Жылы жүздесуді Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облысы филиалының төрағасы, облыстық "Орал өңірі" газетінің бас редакторы, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин тізгіндеді. Ортадан Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова, аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев табылды.


Әдебиетшілер үйінің ашылу салтанатына қатысқан ақын-жазушылар рухани ошақтың жұмысына сәттілік тіледі. Қаламгерлер шығармашылық жөнінде ой тарқатты. Жүздесу барысында қазақтың аяулы ақын қызына жергілікті ақын Сағынтай Бисенғалиев өлеңін оқыса, жас айтыскер Әділ Ахметов арнау айтты.


"AQJAIYQ" телеарнасының директоры Клара Қамбетова арнаның 60 жылдық мерейтойына арналған мерекелік медальді Ақұштап Бақтыгерейқызына табыстады.

Содан соң ақынның 80 жасына орай түсірілген бағдарламадан үзінді көрсетілді.
–Бүгінгі ашылып отырған Әдебиетшілер үйі қазақ әдебиетінің өркендеуіне зор үлес қосады деген ойдамын. Тамыры терең, топырағы құнарлы, шежіресі көп өлкенің тарихы, руханияты түгенделе берсін,- деді "Алаш" сыйлығының иегері, белгілі журналист Қазыбек Құттымұратұлы ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.


–Теректі топырағы тұнған тарих. Соны зерттеу керек, зерделеу керек. Жас зерттеушілерге қолдау табылғаны жөн, - деп кешті түйіндеді «Ақжайықтың ақ шағаласы» атанған ақын Ақұштап Бақтыгерейқызы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар