Апаттың алдын-алмаған шенділердің әрекетіне құқықтық баға берілуі тиіс - депутат Аралбайұлы

Қаракөз Амантай 03 сәу. 2024 14:08 1132

Депутат Нартай Аралбайұлы елді әбігерге салған су тасқынына байланысты пікір білдіріп, табиғи апатқа жол берген шенеуніктерге тиісті шара қолданылуы керек екенін жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның пікірінше, мемлекет мәселенің әлі де салдарымен күресіп келеді.  

"Дәл осы су басу жұмыстарына, топан су апатына немқұрайлы қараған әрі алдын ала әрекет жасамаған шенеуніктердің әрекетіне құқықтық баға берілуі керек. Біз ылғи салдарымен күресеміз. Себебімен күрсеу дегенді ұмытқалы қашан? Сондықтан осы салдары ақырындап қайтқаннан кейін тиісті шаралар қабылданады деп ойлаймын. Сонымен қатар құзыреті бар органдар жергілікті әкімдер мен министрлердің тағайындауына, оларды орнынан алып тастау бойынша дәл осылай әрекет етеді деп ойлаймын", - деді депутат.  

Айта кетейік, депутат бұған дейін Батыс Қазақстан облысындағы су басқан аймақтарды аралап, халықтың жай-күйін әлеуметтік желідегі парақшасында бөліскен еді.

"Батыс Қазақстан облысына табаным тиісімен тікұшақпен облыстың су басқан аудандарына, шалғай орталықтарына барып келдік.

692000 адам тұратын Батыс Қазақстанның су басқан аймақтарындағы қатысты ахуал қиын. Күн санап жағдай күрделеніп барады.

Қазірдің өзінде облыста 455 үйді су басқан, 22 ғимарат су астында қалған.

Қардың еруі және жауын-шашынның салдарынан 17 әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар нысанның (Орал қ. – 13, Бәйтерек ауд. – 2, Теректі ауд. – 2) және 5 көп қабатты тұрғын үйдің (Орал қ.) жертөлесін, сондай-ақ 460 жеке тұрғын үйді және 99 тұрғын үйдің ауласын су басқан.

Қазір Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласы мен 4 ауданында (Қаратөбе, Сырым, Бөрлі, Теректі) төтенше жағдай жарияланды.

Халық қатты үрейленіп қалған", - деп жазба жариялаған болатын.

Осы тұста мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай да төтенше жағдайға байланысты өз ойын ортаға салған еді.

Депутаттың сөзінше, әкімдіктерде ешқандай дайындық жоқ. Бұл - Үкімет пен әкімдіктер арасында байланыс жоқ екенінің белгісі. Мақсат Толықбай бұл жағдайға кінәлі ретінде Роман Склярды атады.

"Тамырынан құрттаған ағаш бұтағынан емделмейді. Роман Склярдан бастап Үкіметтің кейбір мүшелерін ауыстыратын кез келді.

Аймақтарды аралап, Ақтөбенің ортасына шеттік. Бірақ, қадірлі ағайын, шынын айту керек, әкімдіктердің дайындығы өте нашар. Тіпті басқасын айтпағанда, кейбір аудан әкімдерінің резервінде не қайық жоқ, су етік табылмай жатыр. Әкімдік пен Үкіметтің арасында байланыс жоқтың қасы десек болады.

Бұған бірінші кезекте кім жауапты? Ашығын айту керек, премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр жауапты. Кеше Ақтөбеге келді. Алға дейтін бір ауданға барды, бірақ судың астында қалған Ойылға неге бармайды?

Мұның алдында алапат өрт болғанын білесіздер. Қаншама адам өртеніп кетті. Бұған да кім жауапты? Роман Скляр жауапты. Сөгіспен құтылды.

Сондықтан бұл өзгелерге сабақ болуы үшін Президент сөгіс жариялап жатыр. Бірақ Роман Склярдан бастап Үкіметтің кейбір мүшелеріне шара қолданып, ауыстыратын кез келді ғой деп ойлаймын", - деді депутат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар