Антикор Ішкі істер органдарындағы жемқорлықты әшкереледі

Сағыныш Сардарова 30 мам. 2024 15:10 6488

Ішкі істер органдарының қызметкерлері жүйелі жемқорлық үшін сотталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мамырда ішкі істер органдарының басшылары сотталған. Өскемен қаласының соты қалалық басқарманың әкімшілік полиция бөлімінің бастығы А.А. Тернопольскийге және басқа адамдарға қатысты пара алу деректері бойынша үкім шығарды.

Ол жүйелі негізде мамандандырылған тұрақтардан автокөлік құралдарын заңсыз бергені үшін 20-дан 50 мың теңгеге дейінгі сомада пара алған. Сот үкімімен оған "полиция подполковнигі" арнайы атағынан айыра отыра айыппұл салынды.

Сонымен қатар, осы үкіммен парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін Өскемен қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны взводының командирі Р.А. Байтанбалиев және ШҚО ПД ӘПБ инспекторы М.Б. Ербаков, сондай-ақ, көмек көрсеткені үшін №5 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Д.Т. Биекенов сотталды.

Айыппұлдардың жалпы сомасы 22 миллион теңгеден асты. ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Есіл ауданы ПБ анықтау бөлімінің бастығы Е.Жұмановты 5 жылға шартты түрде соттады.

Ол ауыр қылмыс жасаған айыпталушыны қылмыстық жауапкершіліктен заңсыз босатқаны және дәлелдемелерді бұрмалағаны үшін кінәлі деп танылды. Үкімдер заңды күшіне енді.

Ақтөбе облысының аудандық сотымен облыстық полиция департаменті Мәртөк аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары А.М. Ерғалиев 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Ол мемлекетке 243 миллион теңгеден аса сомаға залал келтіруге әкеп соққан заттай дәлелдемелерді (612 мыңнан астам қорап темекі) жеке меншікке заңсыз беру жолымен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.

Ақтау қалалық соты облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ш.Қалмұрзаевты 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды, ол ел аумағында болған кезде жалпы қамқорлығы үшін шетелдіктен 3 миллион теңге көлемінде пара алған.

Сотталған адамдар арнаулы атақтарынан және мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Үкімдер заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар