Бір кездері антибиотиктер медицинадағы ең сенімді құралдардың бірі саналатын. Олар бактериялық инфекцияларды тез басып, емдеу уақытын қысқартып, ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік берді. Алайда соңғы жылдары бұл сенім әлсірей бастады. Дүниежүзіндегі сияқты, Қазақстанда да дәрігерлер үйреншікті емдеу схемалары нәтиже бермейтін жағдайларға жиі кезігіп отыр. Мұның басты себебі - бактериялардың антибиотиктерге төзімділігінің артуы, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Антибиотикке төзімділік бүгінде тек медициналық қауымдастықты ғана алаңдататын мәселе емес. Ол бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігіне әсер етіп отыр. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының Дәрілік заттарды сараптау департаментінің басшысы, PhD Ұлдан Дербісбекова осыған назар аударады.
«Антибиотикке төзімділік - бұл бактериялардың бұрын инфекцияларды емдеуге көмектескен антибиотиктерге жауап бермеуі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл жағдайды адам денсаулығына төнетін ең күрделі қауіптердің бірі деп бағалайды. 2019 жылдың өзінде ғана антибиотикке төзімділік салдарынан әлемде шамамен 1,27 миллион адам көз жұмды. Антибиотиктер әлі де бактериялық инфекцияларды емдеудің негізгі құралы болып отырғандықтан, олардың тиімділігінің төмендеуі емдеу тәсілдерін қайта қарауға мәжбүр етеді», — дейді ол.
Қазақстан да жаһандық үрдістен тыс қалған жоқ
Маманның сөзінше, Қазақстандағы жағдай әлемдік үрдістерді толық қайталайды. Стандартты емге жауап бермейтін бактериялар санының өсуі ресми деректерде де, дәрігерлердің күнделікті тәжірибесінде де айқын байқалып отыр.
Ең алдымен, антибиотикке төзімді микроорганизмдер стационарларда анықталады. Әсіресе реанимация мен хирургия бөлімшелерінде мұндай жағдайлар жиі тіркеледі. Дәрігерлер алтын түсті стафилококк, ішек таяқшасы, клебсиелла, көк ірің және гемофильді таяқша, хеликобактер пилори, энтерококк сияқты кең таралған қоздырғыштардың емге көнбей бара жатқанын айтып отыр.
Бұл үрдісті ғылыми деректер де растайды. «Қазақстан клиникалық медицина журналында» жарияланған зерттеуде кардиохирургиялық науқастардан алынған 781 бактерия үлгісінің едәуір бөлігі үшінші буындағы антибиотиктерге төзімді болғаны көрсетілген. Кейбір жағдайларда бактериялар тек ең ауыр инфекциялар кезінде ғана қолданылатын соңғы қатардағы препараттарға — карбапенемдерге де әсер бермеген.
Антибиотик «кез келген жағдайда» ішілетін дәрі ме?
Сарапшы антибиотикке төзімділіктің өсуіне ең алдымен дәрілерді дұрыс қолданбау себеп болып отырғанын айтады. Қазақстанда амбулаториялық тәжірибеде тағайындалатын дәрілердің шамамен үштен бірі — антибиотиктер. Бұл көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған деңгейден жоғары.
«Антибиотиктердің 27,5 пайызы дәрігердің тағайындауынсыз қабылданады. Көбіне олар ЖРВИ, тұмау немесе коронавирус кезінде қолданылады. Ал бұл - антибиотиктер әсер етпейтін вирустық аурулар. Өзін-өзі емдеу, бұрынғы тағайындауларға сүйену дәрі таңдауда, дозада және емдеу ұзақтығында қателіктерге әкеледі. Соның салдарынан бактериялар бейімделіп, емнің тиімділігі төмендейді», — дейді Ұлдан Дербісбекова.
COVID-19 пандемиясы бұл үдерісті одан әрі күшейтті. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің зерттеуі рецептілік препараттарды сатуына бақылаудың әлсіреуі антибиотиктерді тұтынудың артуына әкелгенін көрсеткен. Әсіресе Watch тобына жататын азитромицин мен цефтриаксон кеңінен қолданылған. Бұл препараттардың қоғам деңгейінде жиі пайдаланылуы төзімділіктің өсу қаупін арттырды.
Жүйелі жұмыссыз нәтиже болмайды
Антибиотикке төзімділікпен күресті қиындатып отырған тағы бір фактор - жүйелік мәселелер. Сарапшының айтуынша, ұтымды антибиотикотерапия қағидаттарының жеткіліксіз сақталуы, қоздырғыштың антибиотикке сезімталдығын анықтауға жеткілікті көңіл бөлінбеуі және пациенттердің дәрігер нұсқауларын толық орындамауы жағдайды ушықтырып отыр.
Сонымен қатар жаңа антибиотиктердің тапшылығы да өз әсерін тигізуде. Мұндай препараттарды әзірлеу үлкен қаржы мен ұзақ жылдық зерттеулерді талап етеді. Ал оларды тек ерекше жағдайларда ғана қолдану қажеттігі фармацевтикалық компаниялардың бұл салаға қызығушылығын төмендетеді.
Маманның пікірінше, жағдайды өзгерту үшін жекелеген шаралардан гөрі жүйелі жұмыс қажет.
Антибиотиктерді тағайындауды қатаң бақылау, қоздырғыштың сезімталдығын міндетті түрде тексеру, рецептілік тәртіпті сақтау, антимикробтық басқару бағдарламаларын дамыту - осының бәрі кешенді түрде іске асқанда ғана нақты нәтиже береді. Сонымен қатар зертханалық диагностиканы дамыту, стационарларда микробиологиялық бақылауды күшейту және антибиотиктерді дұрыс қолданбаудың салдары туралы халықты ақпараттандыру маңызды.
Әр адамға ортақ жауапкершілік
Сарапшы соңында антибиотиктердің тиімділігін сақтау тек дәрігерлер мен мемлекетке ғана емес, пациенттердің өзіне де байланысты екенін атап өтті.
Антибиотиктерді тек дәрігердің тағайындауымен қабылдау, оларды вирустық аурулар кезінде қолданбау, басқа адамға жазылған дәріні ішпеу және алғашқы жақсару белгілері пайда болғанда емді өз бетінше тоқтатпау - қарапайым, бірақ аса маңызды қағидалар.
«Антибиотиктермен өзін-өзі емдеу жеке адамға да, тұтас қоғамға да қауіп тудырады. Бүгінгі жауапты қарым-қатынас ертең инфекцияларды тиімді емдей алуымыздың кепілі», — деп түйіндейді Ұлдан Дербісбекова.
