Анталия кәсіпкерлері Оңтүстікте бірлескен кәсіпорындар ашпақ

Dalanews 30 нау. 2017 04:09 834

Бүгін Түркиядағы Анталия индустриалды аймағының делегациясы Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Құрамында 20-дан астам делегат бар топты аталған индустриалды аймақтың төрағасы Әли Бахар бастап жүр.

Түркиялық бизнесмендердің өңірімізге іссапарының мақсаты ауыл шаруашылығындағы жаңа технологияларға инвестициялар тарту, осы саладағы орта және шағын бизнесті дамыту болып табылады.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысып, әлеуетін бағамдауға келген делегация мүшелері Шымкенттегі арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақтың жұмысымен танысып, ондағы кәсіпорындарды аралады. Өңірдің экономикалық әлеуетімен танысқан түрік кәсіпкерлері аймақтағы атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалап, болашақта бірлесе жұмыс істеуге ниетті екендіктерін жеткізді.



Еске салайық, 15 ақпанда оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер Түркияға жұмыс сапарымен барып, Анталия провинциясының кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдерімен кездесу өткізген болатын. Онда Түркияның 12 компаниясымен біздің бизнесмендер жиһаз жасау, кең қолданыстағы қаптау өнімдерінің өндірісі, кептірілген жемістер және азық-түлікке арналған  қаптама өнімінің өндірісі, жылыжайға арналған  жабдықтарды өндіру және орнату, полипропилен өнімдерін өндіру, тыңайтқыштар өндірісі, трансформаторлар құрастыру, шыны пластикалық өнімдерді өндіру, сәндік гүл көшеттерінің өндірісі аясында пікір алмасып, отырысқа қатысушыларға мемлекеттік қолдау және ОҚО экономика секторының барлық салаларындағы инвестициялық тартымдылығы туралы толық ақпарат берілген-ді.

Нәтижесінде, түркиялық үш компаниямен - «Çitello» (кептірілген жемістер және азық-түлікке арналған қаптама өнімінің өндірісі), «SiMGETEK A.S.»  (жылыжайға арналған жабдықтарды өндіру және орнату) және «CUBO» (құрғақ құрылыс қоспаларын және бояу өнімдерін өндірісі)  компанияларымен Оңтүстік Қазақстан облысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізілді.

Түрік кәсіпкерлерінің Оңтүстікке сапары аясында 30 наурыз күні  жергілікті кәсіпкерлермен B2B кездесулер өткізу жоспарланып жатыр.



 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар