Алматыда танымал әнші Гүлнәр Сиқымбаеваның жалғыз ұлы Баир Сиқымбаев хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Бұл туралы оның жары Ұлжан Шәріпбекова мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ұлжан Шәріпбекова "Бармысың, бауырым?" радиобағдарламасында күйеуін іздестіріп жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, Баир Сиқымбаев 24 наурызда шамамен сағат 13:00-де үйден шығып кетіп, содан бері қайта оралмаған. Кейін оны іздеу басталып, полицияға да ресми түрде хабар берілген. Алайда әзірге нақты мәлімет жоқ.
"Соңғы кезде ата-анасынан қалған үйді сатып, басқа жаққа көшкім келеді деп айтатын. Адам болған соң неше түрлі ой келеді. Үйге қатысты болуы мүмкін бе деп те ойлаймын. Қазіргі заманда алаяқ көп. Болмаса бір жерде біреу ұстап, қинап отыр ма, не ойларымды білмеймін", - деді ол.
Ұлжан Шәріпбекова жолдасын көрген-білген жандардан өзіне немесе полицияға хабарласуды сұрады.
