Амантай қажы 76 жастағы әйелді баспалдақтан итеріп жіберді: Жәбірленушінің қызы оқиғаның мән-жайын айтты

Қаракөз Амантай 17 шіл. 2025 11:07

“Аттан” антиядролық қозғалысының белсендісі Амантай қажы 76 жастағы әйелді баспалдақтан итеріп жіберді деген күдікке ілінді. Жәбірленушінің қызы Раиса Бесқарағаева анасының қазіргі жағдайына қатты алаңдаулы екенін айтып, оқиғаның мән-жайын баяндады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Ол бастапқыда күзетшімен сөйлесіп тұрған. Сол сәтте Амантай қажы келіп, амандасып, ішке өтпек болған. Анам: «Жұма қабыл болсын» деп, жолын беріп, алдымен өткізіп жібереді. Видеоға қарасақ, ол бұрылып, анамды бар күшімен итеріп жібереді. Анам баспалдақтан құлап түсіп, қайта тұра алмады. Ең сорақысы – ол мүлде көмектеспеді, жанына да жақындамады”, – дейді Раиса КТК арнасына берген сұқбатында.

Оның сөзінше, Биғаиша Бектенбаеваның денсаулығына ауыр зақым келген.

“Қос жамбасына темір пластина қойылды. Анамның жасы үлкен болғандықтан, бұл жарақат өте ауыр тиді. Қазір ол мүлде жүре алмайды, төсек тартып жатыр. Жаны қатты қиналып жатыр. Біз жақын арада оңалатынына үміт артып отырмыз. Менің талабым – кінәлі адам жауапқа тартылуы керек. Сау адамды мүгедекке айналдырды. Мұндай адам неліктен қоғамға қауіп төндіріп жүруі тиіс?” – дейді ол.

Қазіргі таңда 83 жастағы Амантай қажы журналистермен байланысқа шықпай, телефон қоңырауларына жауап бермей жүр. Белсендінің үстінен полиция қылмыстық іс қозғады.

Айта кетейік, желіде тараған видеода Амантай-қажы бір ғимаратқа кіріп бара жатады. Сол кезде артынан сөйлей, өзімен бірге ілесе жүрген әйелді ол кеудесінен итеріп жібереді. Әйел ғимарат есігі алдындағы табалдырық баспалағынан артқа шалқасынан құлайды. Оның жамбас сүйегі сынғаны белгілі.

Алматы қалалық полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметі Алмалы ауданының полиция басқармасы аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғағанын нақтылады, деп жазады Zakon.kz.

Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу және процестік шаралар кешені жүргізілуде.

"Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Тергеу барысы Алматы полициясы басшылығының бақылауында", - дейді Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін Алматы облысында жол үстінде ресейлік блогерді  тоқтатқан полицейдің басы дауға қалғанын жазған едік.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар