Amanat партиясына қатысы бар шенеунік көлікті мас күйде айдаған

Көркем Алдабергенова 09 ақп. 2024 15:57 2466

Amanat партиясының "Жастар Рухы" жастар қанатының төрағасы және Теміртау қаласы әкімінің экс орынбасары Нұржан Жетпісбаев мас күйде көлік айдап ұсталған болып шықты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Ербол Еділов хабарлады. Жетпісбаевтың ісіне қатысты соттың шешімі 2023 жылдың 15 қыркүйегінде шыққан.

Шешімді Астананың Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты шығарған. Шешімге сәйкес Нұржан Жетпісбаев көлікті мас күйде айдағаны үшін 15 тәулікке қамауға алынып, көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айырылған.

Сот кабинеті жүйесінде Жетпісбаевқа қатысты іс расында тұр. Алайда сот кабинетінде әкімшілік іс бойынша құжаттар көрінбейді.

Айта кетейік, Нұржан Жетпісбаев 2019 жылдан бері мемлекеттік қызметте. Жасы 34-те. Ол "Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы болып жұмыс істеген. Ал 2020 жылы 26 қазанда Теміртау қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Кейіннен 2021 жылы қаңтарда Jas Otan-ның (қазіргі "Жастар Рухының") басшысы болып тағайындалды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар