Қазығұрт ауданы, Қақпақ ауылдық округі мен Сарыағаш ауданы, Бағыс елді мекеніне барған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары П.Тұрсынбаев, облыстық мәслихат депутаты Гүлбахира Тәжібаева және аудандық мәслихат депутаттары қоғамдық-саяси ахуалмен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Бағыс елді мекеніндегі ахуал тұрақты. Жауын салдарынан болған шығындар әлі анықталуда.
Ал Қазығұрт ауданындағы 4 елді мекенге қол ұшын беру үшін өңірдің әр аумағынан және Шымкент қаласынан 100-ден астам ерікті жас жиналды. Олар су басқан тұрғын үйлердің ауласы мен қора-жайларды, көшелерді лай-батпақтардан тазалау жұмыстарына атсалысуда. Атап айтқанда Түркістан мен Арыс қаласы, Келес, Төлеби, Сарыағаш, Мақтаарал, Сайрам аудандары, сондай-ақ Шымкент қаласының еріктілері ауыл тұрғындарына демеу білдіруде. Облыстық партия филиалы жанындағы жастар қанатының төрағасы Ж.Жұманның айтуынша, волонтерлік жұмыстар жалғасады.
Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше 53 үйдің ауласына, 18 үй, 1 мейрамхана мен 16 ғимаратқа су кірген. Департаменттің 56 және жергілікті әкімдіктің 19 қызметкері жұмылдырылып, 15 техника мен 13 мотопомпа тартылған. Арнайы техника көмегімен жауын суларын шығару жұмыстары жалғасуда. Қазгидрометтің болжамы бойынша бүгін түнде өңірдегі таулы аймақтарда нөсер-жауын күтіледі.